Моя история

Арман Тилепыулы

Арман Тилепыулы

31

Октября

Общество
Участник 2019

Проголосовано

3368

ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы

Маңғыстау облысы

Өлеңге жақын болғандықтан болар бала күнімде журналист болсам деп армандайтынмын. Алайда өмірдің маған өз жоспары болыпты. Ол мені 22 жасымда қызығымен шыжығы мол мемлекеттік қызметке соның ішінде әлеуметтік салаға алып келді. Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың жетекші маманынан бастап министрліктің салалық департаменттерінде қызмет атқардым. Қызметім оңайға соқпады. Әсіресе асыраушысынан айрылған бейкүнә жандарды көру, мүгедектікке шалдыққан жарымжан жандардың өтініштерін қарай отырып тағдырының талқысын ойлап, талай ұйқысыз түндермен күлкісіз күндерді басымнан кешірдім.

«Хабар», «Қазақстан» ұлттық арналарына әлеуметтік саладағы жаңашылдықтарға қатысты ақпараттарды насихаттау мақсатында түрлі пікірталастарға қатысып білімімді шыңдап отырдым. Уақыт өте келе есіл еңбек ақталып келесідей марапаттарға ие болдым: «ҚР Әлеуметтік-еңбек саласының Үздігі» төсбелгісі, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенованың «Құрмет грамотасы», Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау Департаменті басшысының «Алғыс хаты». «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығына 15 жыл» мерекелік медалі. Ең бастысы аузы дуалы ақсақалдардың ақ батасын алдым.

Сонымен бірге «Достық. Адалдық. Рақымшылық «Д.А.Р.»» Ақтөбе облысының волонтерлық клубының мүшесі болып көптеген облыс республика көлеміндегі ірі шараларға ат салысып жарымжан жандарға жәрдем бердім. «Қазақстанның Еңбек Ері» Байменова Құралай Базарбайқызының бастамасымен жұмысын бастаған клуб құлағымен ғана емес алтын жүрегімен тыңдай білетін жастардан құралған болатын. Жұмыс барысында менің қалам сермейтін қасиетім де біраз пайдасын тигізген болатын. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, облыстық тіл басқармасы ұйымдастырған Һакім Абай, Мұқағали оқуларынан жүлделі орындар алып жүрдім. Анам мұғалім болғандықтан мен поэзиямен ерте таныстым. Әсіресе Һакімнің қара сөздерімен өлеңдері бала кезден баурап, әлі күнде санамда сайрап тұр. Бұл күндері де «Абай жолы» эпопеясы менің жұмыс үстелімнің ең айшықты құжаты болып келеді. Абайтанудың шырқау шыңы аталған көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов айтпақшы: «Абайды оқыған, сіңірген адам қиянатқа бармайды». Әрбір мемлекеттік қызметшінің девизіне айналарлықтай қанатты сөз. Бұл қанатты сөзді санамда мықтап ұстадым. Үстіміздегі жылдың маусым айында «Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған Маңғыстау облыстық жыр мүшайрасынан «Абай жолы эпопеясы туралы ой» өлеңімен 1 орын иемдендім.

Бүгінде де мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшымын. Министрліктегі аумақтық департаменттерінің ең жас басшысымын. Басшыдан бұрын бақытты отағасымын. Бұл менің өмірімнің отыз үшінші және әлеуметтік саладағы он бірінші жылымның күзі. Жас буынға айтайын дегенім де осы. Таныс тамырсызда тағдырды өзгерту елімізде әбден мүмкін. Ынта мен жігер, халқыңа деген сүйіспеншілігің болса болғаны. «100 жаңа есім» жобасына қатысу арқылы жас буынға жаңа серпін берсем деген ойдамын.