Өмір ережесі Алматылық Серік Есматов «100 жаңа есім» жобасының қаһарманы атанды

Алматылық Серік Есматов «100 жаңа есім» жобасының қаһарманы атанды

Алматылық Серік Есматов «100 жаңа есім» жобасының қаһарманы атанды

Алматылық Серік Есматов «Рухани Жаңғыру» аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының қаһарманы атанды Алматылық Серік Есматов «Рухани Жаңғыру» аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының қаһарманы атанды. Әр адамның тағдыры - ашылмаған бір тарих. Жас спортшы үшін арбаға таңылу өмірдің қатаң үкімі емес. Ол қос аяғын жоғалтқанмен, өзіне деген сенімді ешқашан жоғалтқан жоқ. Өмірді шексіз сүйетін Серік Есматов таусылып қайғырудан гөрі алға ұмтылып, тірлік еткенді жөн көреді. Қазір жігіт сүйікті ісімен айналысып, мүмкіндіктің шексіз екенін дәлелдеп жүр. Басына түскен қиындыққа қамықсада, қарсы тұрған жанның бірі -  волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны -  Серік Есматов. 20 жастағы алматылық спортшы бала күнінен жүзу, күрес пен футболды жанына жақын тартыпты. Бірақ 2011 жылдың 30 тамызында орын алған оқиға оның өмірін күрт өзгертті. Жаттығудан шаршап келе жатқан бала абайсызда пойыз астына түсіп, қос аяғынан айырылған. Сағы сынбаған жігіт араға біраз уақыт салып спортқа қайта оралып, отырып ойнайтын волейболмен айналысып жүр. Алматыда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында оның командасы бүгінгде бақ сынап жатыр. «Чемпионатқа еліміздің әр түкпірінен мықты 10 команда қатысуда. Бізге әзірге жүлделі орындарға таласуға ерте деп санаймын. Бір жағынан, жаңадан құрылған команда болғандықтан біраз жаттығып, тәжірибе жинауымыз керек. Елімізде деңгейі жоғары спортшылардың бары қуантады. Оларға қарап, біз бой түзейміз, алға ұмтыламыз. Мен дамымай, бір орында тұрғанды ұнатпаймын. Әр күннен өзіңе пайдалы дүниені алып қалу керек», - деді Қазақ туризм және спорт академиясының студенті, волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны Серік Есматов. Команда капитаны көп жағдайда жеңілістен кейін спортшылардың сағы сынып, еңселері түсіп кететінін айтады. Бірақ Серік тағдыр басына ауыр сынақ бергенде де еш мойымағанынын үлгі қылады. «Өзіңді өзгелерден шектетпей, қайта тығырақтан шығудың жолын іздеу ең абзал іс» дейді «100 жаңа есім» жобасының тізіміне кірген азамат. Жүректегі қорқынышты жеңіп, өмірін сүйікті ісімен мәнді еткен оның болашақта іске асырар жоспары көп. «Әр күн сайын таңертең аман-есен оянудың өзі бақыт. Бұл мен үшін өмірімнің жаңа беті. Сол қайғылы жәйттен кейін аман қалғаным үшін қуанамын. Қиын, әрине. Алда оқуымды аяқтап, спортта өзім қалаған жетістікке жетуді армандаймын. Одан кейін, елге қолғабыс болатын біраз әлеуметтік жобаларды қолға алсам деп отырмын», - деді Қазақ туризм және спорт академиясының студенті, волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны Серік Есматов. Серік 2013 жылы Малазияда волейболдан өткен  паралимпиадалық турнирде қола медаль жеңіп алған. Бапкерлері Серіктің жарқын жеңістері әлі алда деп сенеді. Өйткені, 2 курс студенті сабақпен қатар бірнеше спорт түрімен қатар  айналысып жүр.

qamshy.kz