Өмір ережесі “100 жаңа есім” жеңімпазы атанған ағайынды Жұмабектер

“100 жаңа есім” жеңімпазы атанған ағайынды Жұмабектер

“100 жаңа есім” жеңімпазы атанған ағайынды Жұмабектер

Семей қаласының тумасы – полиглот, аудармашы, ғалым Қуаныш Жұмабек пен ақын Ержан Жұмабек “Қазқстанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпаздары атанды.  Қуаныш Жұмабек 2017 жылы “100 жаңа есімі” жобасын жеңіп алса, ақын Ержан 2018 жылғы “100 жаңа есім” жобасы үздіктерінің қатарынан көрінді. Бүгінде қос жеңімпазды жұрт “ағайынды Жұмабектер” деп атайды екен.

“100 жаңа есім” жобасына жеке басым ешқандай материал ұсынбадым, достарым мен жанашырларым жобаға менің атымнан ұсыныс тастады” дейді Ержан Жұмабек.

Ержан Жұмабек “100 жаңа есім жобасының жеңімпазы, ақын: “Бала кезден айтыста көп жүрдік. Бертін келе жазба поэзия мен ғылымға бет бұрдым. Қазіргі уақытта Түркия елінде докторантураны бітірдім. Бұйыртса жақында докторлық диссертациямды қорғайтын боламын. Еліміздің үздік есімдерінің қатарынан көрініп отырғанымызға, еңбегіміздің еленгеніне шүкір дейміз.

Өткен жылы інім жеңіске жеткенде үлкен қуанышпен қарсы алған болатынбыз. Ал бүгін қос ұлының қатарынан жеңіске жеткенін көріп анам көзіне жас алыпты. Бұл да бір Алланың басымызға берген бағы шығар. Жеңіске жетуім одан әрі жауапкершілік жүктеп, шығармашылық жолында қанаттандырды. Бүгінде жаңалықтарымыз көп. Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласының аясында “Қазақтың 100 ақынының” өлеңдерін түрік тіліне аударып жатырмыз. Жақында “Қазақ деген Құдайдың қара өлеңі” деген атпен жыр жинағым жарық көретін болады.

“Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасына келер болсақ, мен өз атымнан қандай да бір материал немесе ұсыныс хат білдірген жоқпын. Менің жанашыр достарым бұл мәселені менің бастамамсыз қолға алыпты. Соларға алғысымды білдіремін”

Ақын Ержан Жұмабектің 2012 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен «Шексіздік шұғыласы» атты кітабы жарыққа шығып 2017 жылы “Шексіздік шұғыласын” Қуаныш Жұмабек түрік тіліне аударған.

“Ол кітап 2017 жылы түрік ағайындардың қолдауымен түрік тілінде басылып шықты. Сол жылы «Шексіздік шұғыласы» кітабымның түрік тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді. Кайсери қаласында шығармашылық кешім өтті. Қазақтың жас ақындарының шығармашылығына деген түрік ағайындардың қызығушылығы ерекше екен”.

“100 жаңа есім” жобасына үміткерлерден өтінім қабылдау былтыр қыркүйек айында басталған болатын. Дауыс беру екі айға жалғасты. Нәтижесінде 2 жарым мыңға жуық үміткерден өтінім қабылданған. Солардың тек 29-ы ғана жеңімпаз деп танылды. Бүгін Казмедиа орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы “100 жаңа есім” жобасының жеңімпаздарын марапаттады.

kazaknews.kz