Менің тарихым

Алмас Темірбай

Алмас Темірбай

22

Наурыз

Мәдениет және спорт
Қатысушы 2021

Ақын, журналист, редактор, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры. Ақан сері атындағы мәдениет жоғары колледжінде, Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ университетінің журналистика факультетінде және Көкшетау университетінің саясаттану факультетінде білім алған. «Аллажар», «Жұмақ жұрт», «Мың бір мұң», «Автопортрет», «Жекебатыр» кітаптарының авторы. Ақынның топтама өлеңдері «Қазақстан жас ақындар антологиясы», «Көкшетау жас ақындар антологиясы», «Шабыт» жеңімпаз жас ақын-жазушылардың антологиясы», «10 томдық Қазақ поэзиясының атнологиясы», «Ақмола энциклопедиясы», «Қазақстан Жазушылары энциклопедиясы» және т.б. ұжымдық кітаптарға енген. Мектеп оқушылары мен студенттер ақын шығармашылығын арқау етіп, ғылыми жобаларға қатысуда, дипломдық жұмыстарын қорғауда. Белгілі әдебиетші-ғалым, ф.ғ.к, доцент Нұртас Ахатұлының А.Темірбай творчествосы туралы жазған «Алаштың Алмас ақыны» атты монографиясы «Келешек-2030» баспасынан жеке кітап болып жарық көрген. Ақындық және журналистік еңбегі газет-журналдар мен кітаптар арқылы, сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы оқырман қауымға жақсы таныс. Әр түрлі конкурстар мен көркем сөз оқу шеберлерінің байқауларында мектеп оқушылары мен студенттер өлең-жырларын мәнерлеп оқып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бірнеше өлеңі ҚР Білім және Ғылым министрлігі бекіткен орта мектептер бағдарламасына енген, мектеп оқулықтарында жарық көрген. Автордың әнге айналған өлеңдерін Қазақстан эстрадасының жұлдыздары үлкен сахналардан орындап жүр. Шығармашылық жұмыстардан басқа да қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады, дер кезінде үн қосады. Мәселен, Ақмола облысы мен Көкшетау қаласында көше, ауыл, жер-су аттарын қазақшалауда сіңірген еңбегі айтарлықтай. Жоғары оқу орындарымен, облыстық мәдениет басқармасымен, Ішкі саясат басқармасымен тығыз байланыста. Өнер саласындағы өзінен кейінге толқынға үнемі қамқорлық танытып, қолдап жүреді. Алмас Темірбай 40-тан астам республикалық, халықаралық байқаулар мен жыр-мүшәйраларының жеңімпазы. 2001 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» онлайн-байқауында ең көп дауыс жинап, «Үздік ақын» жүлдесіне ие болған. «Қазақстан» телеарнасы, Қазақ радиосы және «Қазақ әдебиеті» газетінің қолдауымен Жүрсін Ерман ағамыз өткізген ай сайынғы «Бір өлең – бір әлем» атты республикалық жыр-мүшәйрасына екі рет қатысып, наурыз айында – жүлделі І орынды, ал қазан айында – Бас жүлдені жеңіп алған. «Фейсбук» әлеуметтік желісінде қазақ тілді оқырмандары арасында өткізілген байқауда екі жыл қатарынан «Фейсбуктың ең үздік ақыны» (2016-2016) атанған. «Үздік әдеби шығарма» номинация бойынша Халықаралық «Шабыт» фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При жүлдесінің иегері. Халықаралық «Түрік поэзиясы» фестивалінің лауреаты. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты. «Жұмақ жұрт», «Автопортрет» кітаптары үшін Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты атанған. Жемісті шығармашылық қызметі үшін ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы берілген. «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының» мәдениет және өнер саласындағы сыйлығының лауреаты. Үш мәрте ҚР Президентінің мәдениет және өнер саласындағы стипендиясының иегері. Үстіміздегі 2021 жылы Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатына» ие болған.