Менің тарихым

Сагынгалиев Даурен Наурызбаевич

Сагынгалиев Даурен Наурызбаевич

04

Қазан

Қоғам
Қатысушы 2019

Дауыс берілді

4201

Дәурен Наурызбайұлы - 19 жасынан бастап Алматы қаласындағы М. Мақатаев атындағы №140 гимназияда мұғалімдік қызметте. Мұғалімдік мәдениет әулетінен дарыған оның таңдауының дәл бұл мектепке түсуі тегіннен-тегін емес. Өйткені, ол ақиық ақынның шығармашылығымен жіті таныс. Республикалық Мұқағали оқуларының Бас жүлдегері ақынның 380 өлеңін жатқа біледі. Оқушы кезінен өз жетістігімен даралана білген ол 2011 жылы еліміздегі ең үздік оқушы ретінде VII Қысқы Азиада ойындарының алаугері атанды. 24 жасында еліміздегі ең жас "Білім беру саласының үздігі" атағын иемденген педагог. Марапатқа емес, парасатқа ұмтылған ұстаз соңғы 7 жыл көлемінде тарих пәнінен шәкірттерді ҰБТ-да орташа балл бойынша рекорд жаңғыртып келеді. Жаңа форматтағы 140 балды құрайтын ҰБТ-да оның шәкірттері Тасан Саят - 139 балл, Қосымов Шыңғыс - 138 балл, Донов Елдос - 137 балл жинап, Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы, Құқық пәндерінен 100 пайыздық көрсеткіш көрсетті. Қазақстан тарихы пәнінен бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың авторы атанған Дәурен Наурызбайұлы сонымен қатар ҰБТ-ға тарих пәнінен онлайн дайындалудың әдістемесін құрастырып, соңғы 3 жыл көлемінде 6000-ға жуық ауыл, аудан, қала балаларына дәріс берді. Бүгіндері ол баптаған шәкірттер еліміздің ғана емес, шет мемлекеттердің де студенті атанып үлгерді. Білім - жаһандық, тәрбие - ұлттық болуы тиіс деп ұғынған білікті педагог адамға тән асыл қасиеттерімен де өскелең ұрпаққа үлгі. Қазіргі таңда жас дарын - Абай атындағы ҚазҰПУ-да "Педагогика және психология" мамандығы бойынша PhD докторант. Ғылым мен білімді бір арнаға тоғыстырған педагог мықты мұғалім болып та қоғамда жетістікке жетуге болады деп есептейді. Білім саласы мамандарының іскерлік дағдыларын арттыру жолында тынымсыз ізденіп жүрген ол Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы А.И. Герцен атындағы университетте тағылымдамадан өтуде. Ғылым жолындағы өзіндік ізденістерімен дараланған оның ғылыми мақалалары Чехия, Қырғызстан, Ресей елдерінде өткен конференцияларда жоғары бағаланды. Ізденуші 2018 жылдың қорытындысы бойынша "Үздік жас дарын" жастар сыйлығына ие болды. Ұлттық мектептің ұлы қасиеттерін бір сәтке де ойынан шығармаған Дәурен Наурызбайұлы көркем әдеби туындылары арқылы көпшілікке кеңінен танымал. "Тоғыз толғаныс" атты әдеби мемуарлық туындысына Алаштың ардақтысы Асылы Осман алғы сөз жазып, ақ батасын берген болатын. Текті сөздің ділмары, көсем сөздің білгірі қашанда жастар арасында өз ойын ортаға салып, өзіндік ой иірімдерімен бөлісуді басты назарда ұстайды. Жас ұстаздың еселі еңбегі қашанда басты назарда. 2019 жылдың маусым айында Жас педагогтардың көшбасшысы ретінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевпен кездесуге қатысқан Дәурен Наурызбайұлы "Кемелдіктің 30 жылы" атты халықаралық ғылыми конференцияда белсенді жастардың көшін бастады. "Адам не нәрсені сүйсе, соның құлы" деп ұғынған ол өз мамандығына асқан ықыласпен, зор сүйіспеншілікпен қарайды. Осыншама марапатқа жеткен ұстаздың жетістік сыры біреу ғана деп білеміз. Ол - мамандығына деген адалдық пен адамдық.