Менің тарихым

Дастан Акаш

Дастан Акаш

24

Қазан

Ғылым
Қатысушы 2019

Дауыс берілді

9478

Сеул Ұлттық Университеті

Нұр-Сұлтан қ.

Дастан АҚАШ Нұр-Сұлтан қаласы Ғылым Дастан АҚАШ - шығыстанушы-ғалым, мемлекеттік және жергілікті басқару саласының маманы және халақыралық дипломатиялық қарым-қатынас магистрі, саясаттанушы, бизнес сарапшы, аудармашы. Ол Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ, орыс, корей және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасының түлегі. 2001-2002 жылдары Оңтүстік Корея Республикасының «Кёнги» университетінде білім алған. 2005 – 2007 жылдар аралығында Астанадағы Т.Рысқұлов атындағы Экономика және Қаржы университетінде мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша білім алды. Оқу бітірген соң көп жыл бизнес саласында қызмет істеді. Корей компанияларында аудармашылықтан менеджерлік, басқарушылық сатыға дейін көтеріліп, жемісті жұмыс жасады. Корейлік бизнес ортада үлкен тәжірибе жинады. Бірнеше инвестициялық жобалармен айналысты. Ол «Хайвилл» сияқты бірқатар корей компанияларында жұмыс істеді. Екі елдің арасында өткен инвестициялық-бизнес форумдар, білім көрмесі, экономика, бизнес, сауда, мәдениет, спорт, құрылыс, медицина жөнінде келіссөздерге аударма жасады. Министр, елші, дипломат, бизнесмендерге ілеспе аударма жасады. Үздік корей оқу орындарында білім алды. Кореялық «Ханкук» Әлем тілдері университеті, Пэчже университеті, Седжон институты мен Мемлекеттік тіл институтында біліктіліктен өткен. 2017 жылы Седжон институтының «Орта Азия корей тілі ұстаздарының үздігі» атанған. Сеул Ұлттық университетінде Халықаралық дипломатиялық қарым-қатынас бойынша магистратурада оқыды. Онда БҰҰ-ның Бас хатшысы болған Пан Ги Мунның дәрісін тыңдады. Сонымен қатар Президент Мун Чже Иннің экономикалық көмекшісі болған профессор Ким Хён Чольдан білім алды. «Экспо-2017» халықаралық көрмесінде «Корей павилионы» ресми үйлестірушісі болды. Корейлік танымал өнер жұлдыздарының Елордамызда үлкен концерт қоюына ат салысты. 2017 жылдан бері «Корей халықаралық мәдени алмасу» ұйымының Қазақстандағы тілшісі. Корей тіліндегі мақалалары шетелде ғылыми ортада жарық көрді. Оның қазақ руханиятына қосып жүрген үлесі мол. Сонымен қатар ел мен елді елдестіріп, рухани дүниелерімізді, мәдениетімізді корей еліне танытушы бірден бір шығыстанушы-ғалым. Ол мерзімді басылымдарында мемлекеттік басқару, бизнес, дипломатия, саясат, мәдениет, туризм, сауда, руханият саласы бойынша жазылған бірқатар мақалалардың авторы. Республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы», «Қазақ» тағы басқа басылымға түрлі тақырыпта мақаласы шықты. Бұл күні Қазақстан мен Оңтүстік Корея елінің достығы мен ынтымақтастығы, Солтүстік Кореяның мәселесі, халықаралық дипломатия, саясат және экономикалық қарым-қатынас туралы «Егемен Қазақстанға» арнайы мақала жазып тұрады. Орыс тілінде сараптамалық мақаласы халықаралық порталдарда жарық көруде. Оның «Корей жерінде табылған алтын семсер қазақ жерінде жасалған» деген мақаласы қазақ жәдігерлерінің корей еліне қалай жеткендігін баяндап, қазақ қоғамында жоғарғы бағаға ие болды. Ол көрнекті қаламгерлеріміз М.Әуезовтың «Көксерек» шығармасын корей тіліне аударған. Сонымен қатар корей әдебиетінің туындыларын аударды. Оның еңбектері «Әлем әдебиеті» журналында басылды. 2014 жылы Н.Ә.Назарбаевтың қанатты сөздерін корей тіліне аударып, «Ханин Ильбо» корей газетіне басты. 2014 жылы «Сиқырлы таяқ», «Тасбақа мен Қоян» атты екі томдық корей ергілері Фолиант баспасынан шықты. 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту бағдарламасымен «Қазақша-корейше, корейше-қазақша» сөздік, «Корей елінің халық ертегілері» шықты. 2017 жылы «Корейские народные сказки» деген кітабы шықты. «Ұлы сыншы» жеке жыр жинағы бар. 2018 жылы оның қазақ тіліндегі корей ертегілері Түркия елінде түрік тіліне аударылып, кітап болып шықты. 2019 жылы корей тілінде Абайдың 175 жылдығы мерейтойы, ақынның өмірі мен шығармашылығы, Жидебайдағы Абай үйі-мұражай туралы көлемді мақала жазып шығарды. Мақала Оңтүстік Корея елінің Мәдениет, Спорт және Туризм министрілігің Халықаралық ақпараттық порталында жарияланды. Корея туралы қазақ тілінде, Қазақстан туралы корей тілінде тұңғыш рет екі порталды іске қосты.