Жаңалықтар Динара Болат: «Ауыл жастарына әлі де көңіл бөлінсе екен деймін»

Динара Болат: «Ауыл жастарына әлі де көңіл бөлінсе екен деймін»

Динара Болат: «Ауыл жастарына әлі де көңіл бөлінсе екен деймін»

Оқырмандар назарына танымал жиһанкез блогер Динара Болаттың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жайлы пікірін ұсынамыз.

 Ruh.kz: «100 жаңа есім» жобасында ерекше белсенділік танытқан «Бюро 100» мүшесі ретінде жоба жайлы қандай пікірдесіз?

Динара Болат: Қажет жоба. Жастарда мүмкіндік бар. Бірақ іске деген шабыт аз. Жастар болсын, ересек буын болсын, мотивацияға мұқтаж. Сондықтан аталмыш жоба белгілі бір ортада ерекшеленген, ісімен көзге түскен, жетістікке жеткен, айналасына қандай да бір ықпал ете алған жастарды үлгі қылып көрсетеді. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары секілді кез келген қазақстандық ғылыми жаңалық аша алады, кәсібін дөңгелете алады, биік белестерді бағындыра алады. 

Ruh.kz: Ел-елді, ауыл-аймақты аралағанда талай жаспен кездесіп, танысып, олардың қызығушылығын, ой-өрісін байқап жүрсіз. Қазіргі жастар қандай?

Динара Болат: Аймақтардағы, қаладағы жастар өте белсенді. Бірақ аудан мен ауылдық жерлерге, әлі де, көп дүниені дұрыс түсіндіру керек. Жастардың қоғамды өзгерте алатынын, оның маңызын дұрыс ашып, түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз керек. Ауыл жастарында білсем, көрсем, іс қылсам деген талпыныстың сәл бәсеңдеу екенін байқадық. Осы жағына көңіл аударуымыз керек. Қызығушылықтарын оятып, жігер беріп, қанат бітіруіміз керек. 

Ruh.kz: «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары қатарынан кімді көргіңіз келеді?

Динара Болат: Бұл жобада тек спорт пен мәдениет саласының үздіктерін ғана емес, қазіргі қоғамды ізгілендіретін, өмір сүру қалпын жеңілдететін ғылыми жаңалық ашқан, немесе бір жаңаша дүние ойлап тапқан, қоғамға белгілі бір серпіліс беретін тың идеялы жастарды көргім келеді. Спортшылар мен мәдениет жастарына қолдау білдіріп, демеп, насихаттап жүрміз. Осымен оны доғарайық демеймін. Алайда осы екі салаға көңіл бөлгеніміздей, ғылым мен білімді де, ІТ технологиялар мен жаңашыл идеяларға да, жасампаз жастарға да назар аударуымыз керек деп білемін. Сондықтан осы салаға басымдық берер едім.