Жаңалықтар «100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде?

«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде?

«100 жаңа есім»: Табысқа жетудің құпиясы неде?

ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың емен-жарқын отырып, шешіле сөйлеген кездерін жиі көре бермейміз. Әлбетте, Президент болғаннан кейін барынша ұстамды, салмақты болуы қажет секілді.

Арқаны кеңге жайып, әңгіме айтуға уақыт та жоқ сияқты көрінеді. Дегенмен, Елбасы жастардың ортасына түскенде ерекше бір сезімге бөленіп, шешіліп сөйлейді, ойда жүрген мәселелердің бәрін іркілмей жеткізуге тырысады. Балалық шағындағы естеліктерінен бастап, Президенттікке жету жолындағы тәжірибесін де айтып отырады. Яғни, шынайы өмірдің қызықты әңгімелері, тағылымды дүниелер осындайда көп айтылады.

Биыл да Жастар жылын ашқанда Нұрсұлтан Әбішұлының біраз әңгімесіне жұрт қанықты. Ал күні кеше «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінде жеңімпаз атанған жастармен кездесуде Президент кезекті рет қызықты оқиғалармен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін берді. ҚазАқпарат тілшісі де өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңа есімдердің қатарына енген азаматтармен танысып, Мемлекет басшысының әңгімесін тыңдап қайтқан болатын. Биылғы шара да жастардың өзін-өзі таныстыру форматында өтті. Нұрсұлтан Назарбаев үстел басында отырса, жеңімпаз атанған жастар ортаға шығып, өз жетістіктері жайында баяндады. Осы жолы «Пифагор» атты қосымша білім беру мектебінің негізін қалаушы Асан Жолдасов Мемлекет басшысының алдына бірінші болып шықты.

"Қазір мен 29 жастамын. «Пифагор» компаниялар тобын 10 жыл бұрын ашқан едім. Ол кезде 19 жаста болдым. Сонда анам ылғи айтып отыратын, сен біздің тірегіміз боласың, бізді асырайсың деп. Осы сөздерден кейін мен биік белестерді бағындыруға күш салдым. Құласам да, қайтадан тұрып, нақты нәтижеге жетуді көздедім. Иә, әкем болғанда, өмірдің қай арнасына түсетін едім? Оны да жиі ойлаймын. Бірақ қазір ойлап қарасам, дәл осы жағдай мені қайрап отырды, алға қарай жетеледі. Осы жолда маған көп адам көмектесті. Сондықтан қазіргі нәтиженің бәрі - сол адамдардың арқасы. Әрине, оқушылардың жетістіктері де күш береді.

Ендігі мақсатым - отбасы құру», - дейді Асан Жолдасов. Оның айтуынша, «Пифагор» қосымша білім беру мектебінде математикаға басымдық беріледі. Компаниялар тобында 136 мұғалім мен ментор жұмыс істейді. Ал білім алып жүрген балалардың саны 1500-нан асты. «Мектептен кейін олардың барлығы бізге жүгіреді. Мысалдарды шешіп, өзара бәсекеге түскенді қызық көреді. Ал ауыр есепті шығарса, қатты қуанады. Бізде дарынды балалар көп. Үздік деп танылғандарға грант та береміз. Осы уақытқа дейін мыңдаған оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанды. 300 рет алтыннан алқа тақты. Мен өзім бас кезінде педагогиканы ұнатқан жоқпын. Қазір осы мамандыққа бар жанымды саламын», - дейді А.Жолдасов. Осыдан кейін сахнаға 29 жастағы Ержан Сәлімгереев шықты. Ол үшінші сыныпта оқып жүргенде трансформатордың ішіне кіріп, тоққа түсіп қалған екен. Сол кезде бір қол және бір аяғынан айырылған. «Ауруxанадан үйге алып келгесін мұғалімдер үйде оқытатын болды.

Артынан допты үйрендім. Ауада ұшып бара жатқан допты таяқпен тірей қоямын. Басқа жігіттерді алдап кетемін. Олар намыстанып, менің таяғымды бір теуіп, сындырып тастайды. Соның бәрі ауыр тиді маған. Мектепті бітіргеннен кейін балалар арсында «Мен Алматыға барамын, мен Астанаға оқуға түсемін» деген әңгімелер жүреді. «Мен қайда барамын?» деген ой туындады. Үйдегі жағдайды білемін. Бес адам болып бір бөлмелі жатақханада тұрдық. Сонда таңқалатыным, бір бассейннің қасында екі жыл бойы такси жүргіздім. Бірақ өмірі соның ішіне кірмеппін. Артынан жүзуді үйрендім», - деп еске алады Е.Сәлімгереев.

Бүгінде Ержан xалықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы. «Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қайсар мінезімнің арқасында ешқандай қиыншылықтарға қарамай, алдыма майқсат қойып, күнде жаттықтым. Бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отырмын.

Индонезия елі Жакарта қаласында өткен жазғы Азияның Пара ойындарында қос алтын медаль еншіледім. 50 метрді 31 секундта бағындырсам, 100 метрді 1 минут 8 секундта бағындырдым. Бұл - менің жеке рекордым. Ендігі мақсатым - Токио Олимпиадасында чемпион атану», - дейді Е.Сәлімгереев. 11 сыныпты бітіргенше бақандай 10 мектеп ауыстырған жас кәсіпкер де жиналған жұртты бей-жай қалдырмады.

Ол да «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне өткен. 34 жастағы Ларион Лян бала кезінде анасына көп қиындық көрсеткен екен. «Шынын айтайын, менің проблемам көп болды. Басқа балалардың ата-аналары менімен араласуға рұқсат бермеді. Ондай да болды. 11 сыныпты бітіргенше 10 мектепті ауыстырдым. Жоғары білімім де жоқ. Дегенмен, анам маған сенді. Мені адам болады деп үмітін үзбеді. Қазір менің тамаша отбасым бар. Кәсібім де жүріп жатыр. Мен - бақыттымын!», - дейді Л.Лян.


https://www.inform.kz/kz/100-zhana-esim-tabyska-zhetudin-kupiyasy-nede_a3498174