Жаңалықтар 100 жаңа есім: Жеңімпаздар арасында қандай мамандық жиі кездеседі

100 жаңа есім: Жеңімпаздар арасында қандай мамандық жиі кездеседі

100 жаңа есім: Жеңімпаздар арасында қандай мамандық жиі кездеседі

ҚазАқпарат - Осыдан үш ай бұрын «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші маусымы бойынша 29 жеңімпаздың есімі жарияланған еді. Жаңа есім - тынбай еңбектенген, табандылықпен табысқа жеткен тұлғалар, ал олар талай жасқа үлгі болары сөзсіз. ҚазАқпарат тілшісі өмірде де, жобада да жеңіске жеткен «жаңа 29 есім» туралы шолу ұсынады.Атап өткен жөн, 29 жеңімпаздың арасында қоғам белсенділері (7 жеңімпаз) көбірек.

Екінші орында - мәдениет (6 жеңімпаз), медицина (5), ғылым (4) санаттары тұр. Сонымен бірге, спорт аталымында - 4 жеңімпаз, бизнес санатында - 3 жеңімпаз озып шыққан. Мамандық бойынша талдау жасасақ, 2019 жылғы жеңімпаздар арасында 3 программист, екі журналист, екі әнші, екі физик, екі нейрохирург бар. Одан бөлек, олардың арасынан генетик, стоматолог, репродуктолог, онколог, кітапханашы, дизайнер, ақын, мүсінші, көкпаршы, семсерлесуші, фотосуретші , акробат және хореографты кезіктіруге болады. 2019 жылғы «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне 2 388 өтінім түсіп, онлайн дауыс беру арқылы 29 адам озып шықты. Жеңіске жеткендер шеруін 34 жастағы кәсіпкер Ларион Лян 15 787 дауыспен бастап тұр. Елбасымен кездесуде кәсіпкер өзінің мінезі қиын жасөспірім болғанын жасырмады. Оның үстіне болашақ миллионер 11 жылдық мектепте 10 мектепті ауыстырып, жоғары білім ала алмаған. «Әлі есімде, болашақ жарыма үйленемін дегенде оның анасы «отбасыңды асырай аласың ба?» деп сұрады. Осы сөздер мені қайрады. Мен кез келген жұмысты істей бердім. 2 мың теңгеге пәтер жинаған кездерім де болды.

Ал осы жұмысты сапалы жасағаннан кейін бізге ірі бір банктен үлкен тапсырыс түсті. Сөйтіп, ол банктің 17 аймақтағы барлық филиалдарын жинауға кірістік. Енді ол кезде қажетті құрал-жабдықтар да, әрбір аймақта адам да болмады. Бірақ біз достарымызға, туған-туыстарымызға телефон шалып, жан-жақтан адам іздедік. Таптық. Сөйтіп, үлкен тапсырысымызды орындадық», - деп еске алады Ларион Лян. Бүгінде Ларион Лян негізін қалаған «IC-Group» компаниясы тазалық, кілем жуу, кір жуу, киім тігу, күзет, қағаз шығару, жарнама, кейтеринг сынды бизнестің 12 бағытында жұмыс істейді. Қазақстанның барлық өңірінде филиалдары бар және компания айналымы 10 млрд теңгеден асады. Осылайша, кәсіпкер республика бойынша 6 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен бірге, «Бизнес» бағытында топ жарғандардың бірі - генетик, кәсіпкер Болат Сұлтанқұлов (15 369 дауыс). Ол 2014 жылы регенерациялық технологиялар саласындағы әзірлемелермен айналысатын «Жасуша терапиясы» ЖШС мен теріні қалпына келтіретін сарысу жасайтын «Pomme de vie» ЖШС компаниясының негізін қалаған. Б. Сұлтанқұлов Ноттингем университетін (Ұлыбритания) «Генетика облысы ғылымдарының бакалавры» мамандығы бойынша бітіріп, Республикалық Микроағзалар Коллекциясында, Ұлттық Биотехнология орталығында, Назарбаев Университетінде жұмыс істеген. Жас кәсіпкер - псориазға қарсы A-psorin дәрісін әзірлейтін «Астана Биомед Групп» ЖШС құрылтайшыларының бірі.

2017 жылы жасаған еңбектері үшін әріптестерімен бірге «Ғылым көшбасшысы - 2017» атағын жеңіп алды. Болат Сұлтанқұлов онкология және рак эпигенетикасы саласында халықаралық мақалалардың бірлескен авторы. Қазіргі кезде Назарбаев университетінде «Биомедициналық инженерия» мамандығының PhD студенті. Еңбек жолын 18 жасында даяшы болып бастаған Айдос Сайлығараев - бүгінде «100 жаңа есім» жобасындағы ең үздік кәсіпкерлердің бірі. Ол өзінің алғырлығымен түрлі мәселелердің шешімін тауып, заманауи шешімдерді қолдану арқылы бизнес саласында жоғары нәтижелерге жетті. 2009 жылы кәсіпкер алғашқы «Дастарқан» асханалар желісін құрып, 2010 жылы - «Cofee do» кофеханасын ашты. 2011 жылы кондитерлік цех пен дүкендер желісі секілді жаңа өндірістерін ашты.

Аталған цехта «Бизнестің жол картасы-2020» бадарламасы аясында арнайы Германиядан СЕС-сарапшыларын шақыртып, торттар мен десерттердің жаңа өндіру технологиясын енгізді. Бүгінде Айдос Сайлығараев «Браунис Қазақстан» ЖШС құрылтайшысы және президенті қызметін атқаруда. Жоба аясында 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол 2012-2013 жылдары өнім шығару саласында үздік кәсіпкер атанып, «Жылдың үздік тауары» байқауында Қызылорда қаласы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ізденімпаз кәсіпкер әлі де Астана мен Алматы қалаларында жаңа кофеханалар ашып, Дубайда өз ісін жалғастырмақ.

«Қоғам» бағытында математик, бағдарламашы және оқытушы Асан Жолдасов 15 757 дауыспен жеңімпаз атанды. Асан Жолдасов оқушы кезінен-ақ математикадан республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысқан және 19 жасында өз мектебін ашқан. Оқытудың арнайы әдістемесін жасап, «Пифагор» мектебін үлкен компанияға айналдырған. Осылайша, 10 жылда 10 мыңнан астам баланың математикаға қызығушылығын оятқан. «Алматы, Астана және Тараз қаласындағы мектептерімізде 136 мұғалім жұмыс істейді, 1500 талантты бала білім алып жатыр.

 

Соңғы алты жылда Қазақстанның оқушылар құрамасының тең жартысын «Пифагорда» білім алған балалар құрайды. 10 жылда мен оқытқан 10 мың бала әлемнің түпкір-түпкірінде білім алып жүр. Фейсбук пен Гуглде өз компанияларын құрды», - дейді А. Жолдасов. Бұдан бөлек, Асан Жолдасов ҚБТУ ақпараттық технологиялар факультетінің бакалавр және магистр дәрежесін алды. Кейін өзінің альма-матерінде компьютерлік инженерия кафедрасында дәріс оқыды. Білім беруден бөлек, Асан «Ferum Logic» стартапын құруға қатысып, өз қаражатына Аналар үйін салған. Жеңімпаздар арасында балаларға арналған «OYLA» ғылыми журналының негізін салушы, журналист Ердос Төлегенов те бар. Ғылымды насихаттайтын «OYLA» журналы Қазақстанда ғана емес, көптеген дамыған елдерде де сұранысқа ие. Оның ерекше дизайнмен әрленген беттерінде математика мен химия, физика мен биология пәндері жеңіл тілмен түсіндірілген. Сондай-ақ, журналдың көп бөлігі өнертапқыштық пен робототехникаға арналған.

 

«Біздің негізгі мақсатымыз - еліміздегі адами капиталдың сапасын арттыру. Егер біздің журналдың арқасында ғылымға қызығатын 10, 30 немесе 100 кішкентай данышпан шықса, мұның өзі біз үшін үлкен нәтиже болар еді. Мысалы, біздің 14-15 жасар оқырмандарымыздың бірі журналдан робот туралы мақаланы оқып, қызығушылық танытса, 25 жасқа келгенде, елімізде бір білікті робототехник пайда болады», - дейді журналист. Осы жаздан бастап OYLA журналы CHIP WISSEN атауымен Германия, Австрия, Бельгия, Лихтенштейн, Люксембург, Голландия және Швейцария елдерінде жарық көреді. Бұған дейін журнал Қазақстан, Австралия, Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Кореяда шыққан еді.

 

«100 жаңа есімге» қосылған тағы бір журналист Назгүл Кенжетай әскери корреспондент ретінде Еуропада жұмыс істейді. Назгүл БҰҰ және ЮНИСЕФ-пен серіктестік ете отырып, Түркияға және Сирия шет елдеріне бірнеше іс-сапарға барады. Бойжеткеннің айтуы бойынша оның мақсаты - соғысты қаз-қалпында көрсету, және жәбір көрген балалардың үнін жеткізу. Назгүл түсірген фотосуреттер Катар, Түркия және Еуропаның т.б. елдерінде жекеменшік көрмелерде қойылды. Оның жазған мақалалары BBC-де жарияланды. Бүгінде Назгүл Еуропадағы жергілікті агенттіктер үшін түркиялық корреспондент ретінде штаттан тыс журналист болып жұмыс істейді.

 

Жоба жеңімпазы атанған дизайнер Мая Жұманбекова да - балалар игілігі үшін еңбек ететін жандардың бірі. Ол - «Mimioriki» тұңғыш қазақстандық балалар киімі брендінің дизайнері. 1998 жылы Мая ЖОО үздік бітіріп, «Киім дизайны» кафедрасына оқытушы болып қабылданады. Сол аралықта оны «Казахстан Тексти Лайн» ЖШС дизайнер ретінде шақырады. Осылайша, 20 жыл бойы Мая университтегі теорияны өндірістегі практикамен ұштастырып жүр. Мая Жұманбекова - маусымына 17 коллекция, жылына 34 коллекция шығаратын брендтің барлық коллекциясының авторы. Қазақстан мен Ресей қалаларында «Mimioriki» фирмалық дүкендері жұмыс істейді. Бренд «Алтын сапа-2011», «Франшиза-2011» сыйлықтарын, «Ресей сән үлгісі» байқауында 1 орын жеңіп алған, Kazakhstan Fashion Week», «Mersedes Benz Fashion Week» қатысушысы және бұл жетістіктер тізімінің бір бөлігі ғана. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дамытуға күш салған Бақтияр Базарбеков те биылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды. Ол - нашар көретін және зағип жандардың «Шектеусіз спорт» әлеуметтік жобасының жетекшісі, «Анашым» көз көру бойынша мүгедек балалар мен жастарды қолдау қорының бас директоры.

 

Бахтияр нашар көретін және зағип жандардың 3 веломарафонын (Алматы-Астана, Алматы-Ыстықкөл, Астана-Париж) ұйымдастырған. Осылайша, марафоншылар мүгедектерді ғана емес, дені сау адамдарды да шабыттандырды. Ал кітапханашы Ғалым Нұрланов зағип және нашар көретін жандарға брайль жүйесін және арнайы синтезатор арқылы компьютерлік сауаттылықты тегін үйретумен айналысады. Ол елордада Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада «Дыбыс жазу студиясы және Брайль» кітаптарын шығару бөлімінде кітапханашы қызметін атқарады. Жұмыс барысында кітапханадан шығатын «РБНСГ-Вести» газетінің шығарылуына өз үлесін қосты.

 

Ғ. Нұрланов көзінің нашар көруіне қарамастан, үнемі айналасындағы адамдарға көмектесіп келеді. Оның бір дәлелі - зағип жандарға Брайль әліппесі мен компьютерлік сауаттылықты тегін үйрететін «Саусақ ұшындағы әлем» үйірмесі. 2015 жылы Астанада Халықаралық «Ақ таяқ» фестивалінің Брайль жүйесінде оқу мен жазуда Гран-При иеленді. Жеңіл атлетикадан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен «Үміт» спартакиадасының күміс жүлдегері атанған.

 

https://www.inform.kz/kz/100-zhana-esim-zhenimpazdar-arasynda-kanday-mamandyk-zhii-kezdesedi_a3532331