Жаңалықтар Он күнде кімдер өтінім қалдырды?

Он күнде кімдер өтінім қалдырды?

Он күнде кімдер өтінім қалдырды?

 

 

Биыл «100 жаңа есім» жобасының үшінші маусымы. Басын ашып алайық. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары билбордқа ілініп, әлеуметтік желіде пост жазумен ғана шектелмейді. Тәуелсіздік жылдары белгілі бір жетістікке жеткен қазақстандықтардың денсаулығы мен әл-ауқаты, мәдениеті мен білім деңгейі үшін еткен еңбектері еленіп жатса, несі айып?!

 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін ел емес пе едік?! Жақсылық айттық. Жаһанға таныстырдық. Талайға үлгі еттік.

 

Мектеп жасындағы балаға, Z KZ-ке кітаптан қайталатып оқыта берген Қабанбай батыр мен Абылай ханның еңбектері мистика іспеттес. Ал, олармен бір дәуірде, бір елде өмір сүріп жүрген адамның жетістіктерін көрсетсең, сол адаммен жүздестіріп, сол адамның аузымен тарихты, ділді, тілді, мәдениет пен өркениетті, іс пен еңбекті насихаттасаң несі айып?!

 

Күллі қазақ баласының мектептен бастап елін сүйіп, тарихын біліп, әдебиетіне қанып, мәдениетіне үлес қосып өсуі үшін он адамның уақытын алып, 100 адамды қолдағанның несі мін?!

 

Мемлекеттік тараптан танылған іс жалпыұлттық сипат алса, халық қолдауына ие болса, сол мемлекеттің болашағы болар бір баланың қажетін ашса жарасымды емес пе?!

 

«100 жаңа есім» жобасының үшінші кезеңіне 39 жасқа дейінгі, белгілі бір жетістігі бар кез келген қазақстандық қатыса алатынын алдыңғы мақалада айтып өттік. Шарттары мен талаптарын да сонда тіздік. 

 

Жаңа есім - жаңа бастама

 

Үшінші маусым 01.10.19 күні басталды. Бүгін оныншы күн. Он күнде кімдер өтінім қалдырды, кімдер қызығушылық танытты? Сол турасында.

 

Қазақстандық жас кәсіпкерлер арасынан – 16 адам, ақ халатты абзал жастардан – 12 адам, мәдениет жастарынан – 51 адам, қоғам белсенділерінен – 49 адам, салауатты өмір салтын ұстанатын – 43 адам, ғылым-білім жолында еңбек етіп жүрген – 35 адам, және т.б. қазақстандық жастың және Қытай мен Ресейдегі қазақ жастарының өтінімі қабылданды.

 

Осыған дейінгі екі маусымның қатысушылар санына қарап, үшінші маусымның екінші жартысын үлкен дайындықпен күтіп отырғанымызды жасырып қалуға болмайды. Десе де, жоғарыда тізілген қатысушылар арасында елімізге танылып үлгерген:

 

  1. Хаким Мукарам (вайнер)
  2. Альмира Тұрсын («Томирис» кинотуындысында басты рөлді сомдаған актриса)
  3. Елдос Сметов (Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері)
  4. Динара Болат (блогер)
  5. Дәулет Мұқаев (блогер)

 

сынды тұлғалар да бар. Бұл басы ғана. Жас та болса біршама жетістіктерге жеткен замандастарымызды қолдауға, дауыс беруге, жеңімпазды анықтауға атсалуға шақырамын.

 

Ел білуі керек деп есептейтін қыз-жігіттерді ұсынуыңызға да мүмкіндік бар. Қазақстанның 100 жаңа есімін бірге анықталық!

ruh.kz