Жаңалықтар «100 жаңа есім» бағытының жеңімпазы – Бауыржан Исламхан

«100 жаңа есім» бағытының жеңімпазы – Бауыржан Исламхан

«100 жаңа есім» бағытының жеңімпазы – Бауыржан Исламхан

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «100 жаңа есім» бағыты аясында еліміздің дамуына еңбек сіңірген азаматтардың еңбегі еленді. Бұл бастама арқылы өзге азаматтардың еңбекке деген құлшынысы артып, даму қарқыны артпақ. «100 жаңа есім» бағыты жарияланғалы бері түрлі салада жетістікке жетіп жүрген еліміздің 102 азаматы жеңімпаз атанған. Біз бүгін спорт саласы бойынша жеңімпаз атанған алматылық «Қайрат» футбол клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан турасында сөз қозғамақпыз. 

Бауыржан 1993 жылы 23-ақпанда Жамбыл облысының Байзақ ауданында дүниеге келген. Атақты футболшы бала күнінен сол аудан орталығында өседі. Он жасынан бастап футболмен айналыса бастайды. Он сегіз жасында «Тараз» клубының сапында Қазақстан Премьер-лигасында дебют жасап, алғашқы маусымында-ақ 27 ойынға қатысады. Жиырма жеті ойында екі рет қарсылас қақпасының торын тулатты. Жартылай қорғаушы 2012 жылғы маусымда да «Тараз» сапында қалды. Премьер-лиганың 22 ойынына қатысып, 4 голмен ерекшеленген. Сондай-ақ, Ұлттық кубок бәсекесінің 3 ойынында алаңға шыққан.  



«Тараз» сапындағы екі маусымнан кейін өзге клубтардың жартылай қорғаушыға деген қызығушылығы артты. Бірақ Бауыржанның тағдырына «Кубань» футбол клубы жазылыпты. Ресей премьер-лигасының қатысушысы сапына ауысқан Бауыржан 2012/2013 жылғы маусымда аталған футбол клубының тізімінде болады. Бірақ футболшы ресейлік клуб сапындағы екі жылында да тек жаттығумен шектелген. 2012-2014 жылдар аралығында «Кубань» ойыншысы саналған қазақстандық жартылай қорғаушы бірде-бір рет алаңға шықпаған. Тіпті, кубоктік ойындарда да.  



2013 жылы «Куань» футбол клубының басшылығы Бауыржан Исламханды елордалық «Астана» клубына жалға береді. Тараз футбол мектебінің түлегі елордалық команда сапында жалпы сегіз ойынға қатысып, 1 гол соғады. Бұл жылдар «Астана» футбол клубының даму қарқыны артып келе жатқан кез еді. Бірақ БауыржанныБірақ Бауыржанның бас шаһар командасында бағы ашыла қоймады.  



2014 жылы ресейлік клуб қазақстандық жартылай қорғаушыны алматылық «Қайратқа» сатады. Оңтүстік астаналық команда – жас аяқдопшының бағын ашқан орта. Бауыржан «Қайратқа» ауысқан жылы, яғни, 2014 жылы ел біріншілігі мен халықаралық дәрежедегі ойындарды қосқанда, жалпы 40 матчқа қатысып, 6 голдың авторы атанған. Алғашқы жылы-ақ қазақстандық жас жартылай қорғаушының жаңа тынысы алып, алаңда шыңдалды. Мақсаты жоғары аяқдопшының жасыл желең үстіндегі жорығы мұнымен тәмәм болмады. Келесі маусымда, нақтырақ айтсақ, 2015 жылы жалпы саны 41 ойында қазақстандық жартылай қорғаушы жасыл алаңға шығып, қарсылас қақпасына 12 гол соққан.  



2016 жылғы маусым – «Қайрат» футбол клубының жартылай қорғаушысы, Жамбыл футбол мектебінің түлегі Бауыржан Исламхан үшін өте сәтті маусым болды. Алматылық командаға әбден сіңіп үлгерген аяқдопшы алаңда жарау аттай ойқастады. Маусым барысында 40 кездесуге қатысып, 17 голды қанжығалаған. Осыдан кейін Бауыржан «Қайрат» сапында өзіне негізгі құрамнан орын сайлап үлгерді. Басшылықтың да оң қабағына ілігіп, «Батори» деп трибунадан сәлем жолдайтын жанкүйерлерің айқайы көбейді.  



Былтырғы жылы «Қайраттың» және Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны 34 матчта алаңға беттеп, 12 голдың авторы атанған. Команда сапындағы ойыншылар арасында ауызбіршілікті нығайту, алаңда команда ұтылып жатса, әріптестерін жігерлендіріп, намысын ояту сияқты қабілеттерге ие Бауыржан капитандыққа әбден лайық еді. Сондайақ, халықаралық дәрежедегі матчтар кезінде де жасыл алаңда жасындай жарқырап, шетелдік клуб скауттарының көзіне түсті. Еуропалық бірнеше командадан «Қайрат» басшылығына Бауыржан Исламхан жөнінде ұсыныстар түскен. Бірақ алматылық команданың басшылығы орталық жартылай қораушысын сатудан бас тартты.  Қазір беделді футболшыға айналған Бауыржан ел футболының ең қымбат ойыншыларының қатарында. Оның бағасы 1,8 миллион еуроны құрайды. 



Бауыржанның ерекшелігі қандай? 



Өмірде томсырайып жүргенімен, жасыл алаңда жанып түсетін тамшаа қабілетке ие футболшылар кездеседі. «Қайраттың» капитаны да солардың қатарынан. Жасыл алаңға шығысымен ойынды алға жылжытудың амалдарын қарастырып, қарсыластарына нәтижелі пас беруді немесе тамшаа мүмкіндіктерді голға айналдыруды көздейді. Ол – өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, алаңда бір минут та дамылдамай ойнауға әзір бірегей аяқдопшылардың қатарында.  



Капитанның міндеті – ойыншыларға алаңда бағыт беру, бапкер нұсқауын жеткізу, тактикалық өзгерістерді жылдам ұйымдастыру. Бұл тұрғыдан келгенде, Бауыржан осал түсіп жатқан жоқ. Әсіресе еурокубоктік ойындарда қазақ баласының да қарымды футболшы бола алатындығын күллі әлемге насихаттап, дәлелдеп берді. «Қайрат» футбол клубы әлі күнге Еуропа Лигасының немесе Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өткен жоқ. Ал ел біріншілігінің жеңімпазы атағын 2004 жылы соңғы рет алған алматылық ұжым әлі күнге дейін 14 жыл бұрынғы жетістіктерін қайталай алмай келеді. Есесіне елордалық «Астана» футбол клубы 4 рет қатарынан чемпион атанып, ағымдағы маусымда да турнирлік кестеде бірінші орында тұр.  



«Астана» командасын болгариялық бапкер, қазір Қазақстан ұлттық құрамасының бас коучы Станимир Стойлов жаттықтырған кезде өз ұжымына «Қайраттың» жартылай қорғаушысын алмаққа бекінеді. Бірақ Бауыржан ерлік жасап, «Қайратқа» берілгендігін көрсетіп, Еуропада атой салып жүрген адуынды «Астанаға» ауысудан бас тартады. Бұл – оның «Қайратқа» деген шексіз махаббаты. Әйтпесе, жыл аралатып УЕФА-ның бас турнирлерінің тоаптық кезеңінде бақ сынап, кәрі құрлық төріне жорық жасап жүрген командада ойнау – әрбір қазақстандық футболшының арманы.  



Футбол – бәсеке. Футбол арқылы елдің, мемлекеттің дәрежесі есептеліп, аныалдылық деңгейі артады. Оның үстіне аяқдоп өнерін уризммен де нығыз байланыстыруға болады. Мысалы, Әлем Чемпионатын өкізуші елдер теңгемен есептегенде 10 миллиардан астам қаражат шығындайды. Бірақ төрт жылда бір келетін футбол тойын тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған дамдар келеді ағылып. Олар жеген тамақ, олар жатқан баспана, барлығы мемлекет қазынасына түсетін немесе айналымды молайтатын қаражат. 



Алматылық «Қайрат» 2004 жылдан кейін ел чемпионатының екі рет күміс жүлдегері атанды. Күмістен медальді Бауыржан да тақты мойынына. Қазір алматылық ұжым Қазақстан Премьер-лигасының чемпиондығын алуға бір табан жақын тұр. Ел біріншілігінде бұл клубқа тек елордалық «Астана» ғана қарсылас болып отырған жайы бар. Сондай-ақ, испаниялық маман Карлос Алос Феррер жаттықтыратын ұжымның қатары бірнеше қарымды аяқдопшылармен толығып, Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіндегі матчтарға сақадай сай. Ал Исламхан – команда үміт артатын басты фигуралардың бірі. Тоғызыншы номермен ойнайтын жартылай қорғаушының алаңдағы жылдам шешім қабылдайтын қабілеті, алыстан бағыттаған соққылары арқылы командаға жеңіс сыйлай алатындығы, қарсылас қорғаушыларды балаша алдап өте алатындығы испаниялық бапкер үшін маңызды рөл ойнайтыны анық.  



Алыстан бағыттаған соққы арқылы гол соғу – Бауыржан үшін үйреншікті жайт. Әсіресе 2016 жылы УЕФА Еуропа Лигасында соққан голы ең әдемі гол деп саналған еді. Сол жылы британиялық BT Sport телеарнасы біздің Бауыржанның голын сы дәрежеге лайық деп шешім қабылдапты. Сайтта жасалған сауалнама қорытындысында Исламхан жасаған футбол кереметі жалпы дауыстың 86 пайызын жинаған.  



Жоғарыда айтып өткеніміздей, футбол арқылы елдің танымалдылығы, халықаралық дәрежедегі беделі, географиялық даңқы артады. Бұл – дәлелденген қағида. Жалғыз ойыншының осы факторға әсер етері анық. Демек, қазақ баласының жасыл алаңда допты ұршықша үйіруге қабілетті екенін күллі әлемге дәлелдеген Бауыржан Исламханның еңбегі зор.  



Футбол – бәсеке. Бәсекеге қабілетті бола білу – өнер. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында кез-келген салада бәсекеге қабілетті бола біліп, жетістікке жетуді міндеттеп берді.  



Міне, Бауыржан Исламхан – мемлекет басшысының міндетемесін спорт саласында жүзеге асырған жалынды жас жігіт. Өзінің 25 жасында-ақ, бірнеше жетістіктерді бағындырып, халықаралық дәрежеде топ жаруға ұмтылыс жасап жүрген футболшының жаттығуды барлығынан көп жасап, өзін сабырлы, салқынқанды ұстауға ұмтылатыны көпшілікті таң қалдырады.  



Тапқан табысына тоқмейілсімей, алаңда жарақат алудан қашпай, жан пида етіп ойнайтын жігіт көпке үлгі. Бауыржан Исламхан – еліміздің жас буынына үлгі боларлық азамат.