Жаңалықтар Кітаптардың электрондық нұсқасын жасау ұсынылды

Кітаптардың электрондық нұсқасын жасау ұсынылды

Кітаптардың электрондық нұсқасын жасау ұсынылды

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «100 жаңа есім» бағыты аясында еліміздің әр саласындағы үздік мамандар мен ғалымдар, өнер иелері мен спорт майталмандары және білікті кәсіпкерлер анықталып, олардың еңбек жолдары көпке үлгі етілген болатын. Әрине, бұл бағыттың негізгі мақсаты – қазақстандық азаматтардың ерен еңбегін бағалай отырып, шығармашылық шабыт сыйлау, әртүрлі материалдық һәм моральдық қолдау көрсету. Әрі осындай бағыттар – өскелең ұрпақты білімге бейім, спортқа жақын, өнерге құштар, кәсіпке икемді етіп тәрбиелеудің таптырмас үлгісі деуге толық негіз бар.

Ал біздің осы мақалада сөз еткелі отырған отандасымыз, жоғарыда айтып өткендей, «100 жаңа есім» бағытының жеңімпазы, Қазақстан Ұлттық электронды кітапхананы әзірлеуге қатысқан еліміздің ең үздік IT мамандарының бірі, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының ақпараттық ресурстар бойынша жетекшісінің орынбасары, қазіргі таңда Ұлттық кітапхананың бас директоры міндетін уақытша атқарушы  – Нұржан Нұрланұлы Жолдыбалинов. Бұл азаматымыздың қазақстандық білім мен ғылымның дамуына тың серпін беретін әрекеті ретінде еліміздегі барлық кітаптардың электрондық нұсқасын жасауға ниет білдіріп, осындай игілікті іске бастамашы болғанын айтсақ болады.



10 жылдан бері кітапхана саласындағы талмай еңбек етіп келе жатқан IT саласының білікті маманы, елімізде қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде электронды оқулықтарды дамыту заман талабы дейді. Яғни, оқырмандар үшін кез-келген оқулық қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан да, Нұржан Жолдыбалинов «Рухани жаңғыру» аясында оқырмандардың білім деңгейін дамыту мақсатында кітапхана саласында бірнеше жобаны жүзеге асырмақ.



Мәселен, 14 жылдық тарихы бар Ұлттық академиялық кітапхана қорында бүгінде шамамен 2 млн-дай кітап бары белгілі. Ондағы электронды кітаптар саны 40 мыңнан асады. Ендігі кезекте 2020 жылға дейін еліміздегі барлық кітаптардың электрондық нұсқасын дайындау көзделіп отыр.



Бүгінгі таңдағы техника мен ақпараттық жүйе қарыштап дамыған кезеңде электронды кітаптарға деген сұраныс айтарлықтай артып отырғаны заңды құбылыс. Соның бір көрінісі ретінде алдағы уақытта мектеп оқулықтарын электрондастыру жұмыстары да  жоспарлануда.



Осы мәселер турасында ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың бас директорының міндетін атқарушы Нұржан Жолдыбалинов өз ойын ортаға салып:




– Қазіргі заманауи технология дамып келе жатқан кезде электронды кітаптар қағаз кітапқа көмекші ретінде келді. Өйткені, бір кітап қана қалса, сол дананы біз электронды түрде көбейте аламыз. Сонда біз бір оқырманға ғана емес, кітапты миллиондаған оқырманға ұсынуға мүмкіндік аламыз. Қазір Ұлттық академиялық кітапханада әртүрлі бағыттағы 15-ке жуық арнайы зал бар. Олар бір мезгілде 500-ден астам оқырманды қабылдай алады, – деп пікір білдірді.  



Ал, Ұлттық академиялық кітапханасының кітапханашы Арай Қаділбектің айтуынша, кітапханаға келетін оқырмандар саны мен олардың сұранысына қарап отырып, кітаптар қазіргі кезде жоғары сұранысқа ие деп ауыз толтырып айта аламыз. Сонымен қатар, қазіргі таңда кітапханаға келуші оқырмандар саны да күн санап артып келеді екен. Ал олардың қажеттілігін толық қамтамасыз ету мен кез-келген жерде кітапхана қорындағы кітаптардан еркін пайдалану үшін де заманауи жаңа әдістер қажет-ақ. Соның бір көрінісі ретінде Нұржан Жолдыбалиновтың бастамасын айтсақ болады.



Тағы да айта кететін жайт, алдағы уақытта кітапхана қызметкерлері оқырмандар үшін бірегей оқырман билетін жасауға ниеттеніп отыр. Осы құжат арқылы еліміздегі кез-келген кітапхана қорымен танысып, жұмыс істеуге болады. Билетке әр азаматтың жеке куәлігіндегі нөмірі жазылады. Осылайша қай елді-мекенде болсаңыз да сол аймақтың кітапханасына еш кедергісіз кіріп, қажетті кітаптарды еркін қолдана аласыз.